• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Білім 08 Маусым, 2018

Назарбаев Университетінде Жоғары білім беру көшбасшыларының VII еуразиялық форумы басталды

419 рет
көрсетілді

Кеше Назарбаев Университетінде озық технологиялар дәуірінде жоғары білім беру саласын инновацияландыруға арналған Жоғары білім беру көшбасшыларының VII еуразиялық форумы басталды. 

Маңызды шараға Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова қатысты. Сондай-ақ форум жұмысына ұлттық және әлемдік сарапшылар, ғылыми қызметкерлер, мемлекеттік органдардың, жұмыс берушілердің, білім саласындағы қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, сондай-ақ әлемнің 15 елінен, атап айтқанда, АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Корея Республикасы, Аустралия сынды елдерден 150-ден астам делегат қатысты.

Г.Әбдіқалықова құттықтау сөзінде биылғы форумның Қазақстанның символы – Астананың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында өткізіліп отырғанын айтты. Елбасының білім беру жүйесінің жан-жақты дамуына айрықша көңіл бөлетінін атап өткен ол, Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мен әрдайым сіздердің білім алуларыңыз бен дамуларыңыз үшін қажетті барлық жағдайды жасауға тырысып келемін. Әлемдік деңгейдегі университет, зияткерлік мектептерін аштым, «Болашақ» бағдарламасын бекіттім», деген сөзіне тоқталды.

«Назарбаев Университеті – еліміздің маңызды ұлттық жобасы. Осы оқу орны ашылғаннан бері оның қабырғасынан 2 мыңға жуық маман түлеп ұшты. Университет биохимиялық және ядролық инженерия, робот-техника, мехатроника және басқа да сирек бағыттар бойынша кадр­лар даярлайды. Мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен келген үздік оқытушылар жұмыс істейді және ең заманауи материалдық-техникалық құралдармен, зертханалармен жабдықталған. Азиядағы басқа да елдердің 14 жетекші университеттерінің қатарына қосылды. Жоғары оқу орындары келешекте еңбек нарығындағы бәсекеге төтеп беру үшін, білімнің үздік бағдарламалары бойынша оқытылған жаңа форматтағы мамандарды даярлауға тиіс», деді Мемлекеттік хатшы. 

Г.Әбдіқалықова жиынға қатысушылардың сындарлы сұхбат құрып, табысты жұмыс істеуіне тілектестігін білдірді. Негізгі пленарлық отырыс академиялық ортаның әртүрлі аспектілерін, солардың ішінде заманауи білім беру жүйесінің артықшылықтары мен кемшіліктерін, зерттеулердің шектерін кеңейтудің оңтайлы тәсілдерін, студенттермен өзара қатынасуға бағытталған жаңа амалдарды қамтыды.

Келелі кеңесті жүргізіп отырған Назарбаев Универси­тетінің ректоры Шигео Катсу атап өткендей, екі күндік мәжі­ліс кезінде жоғары білім саласы­ның сан алуан өзекті мәселе­лері талқыланады. «Жоғары білім беру саласының дамуына, студент жастардың дағды­ларын дамытудың тың жол­дары жөніндегі сұрақтар осы алаңда кеңінен талқыланады деп күте­міз. Әрине осы орайда Назарбаев Университетінің тәжірибесі де кеңінен зерделенеді. Қазіргі заманда біз барлық өзгерістерді бақылап отыруымыз қажет», деді Ш.Катсу.

Сонымен қатар ЕНЕLF барысында Назарбаев Универ­ситетінің технопаркі базасында іске асырылған инновациялық экожүйені дамыту саласын­дағы Назарбаев Университетінің тәжірибесімен таныстыратын көрме ұсынылды.

Форумда сөз алған халық­аралық сарапшы Джамиль Салми өз кезегінде болашақта әлем бойынша жоғары білім беру саласының қалайша өзгеретініне болжам жасады. Сарапшының ойынша, мемлекеттік универ­ситет­терді бюджет тарапынан қар­жы­ландыру көлемі азаюы әбден мүмкін. Алайда осы санат­тағы жоғары оқу орындары жекеменшік қаражатты көптеп тартатын болады. Соның арқасында ректорлар мен ғалымдардың жалақы­сы өсуі мүмкін. «Болашақта әрбір үш жыл сайын оқу бағдарламасын қайта қарауға тура келеді. Себебі сабақтардың бәрі 10 минуттан аспайды. Барлығы онлайн режімде өтеді. Университетті құру да қиынға түспейді. Өйткені оқулықтар, кітапxаналар, тіпті зертxаналар электронды форматта жұмыс істейді. Студенттерге цифрлы жүйемен баға қойылады. Көп нәрсе блокчейнге негізделеді. Сосын келешекте университетті бітірген жас маман алты айдың ішінде жұмыс таппаса, жоғары оқу орны оның оқуға жұмсаған ақшасын қайтаруға мәжбүр болады», дейді Д.Салми.

Айта кетейік, ЕНЕLF аталмыш университетте жыл сайын өтетін және бүкіл әлем­де жоғары білім беру көш­бас­­шы­ларының алдында тұр­­ған мәселелер бойынша пікір алмасатын, білім беру саласын­дағы мүдделі тұлға­ларды бірік­тіретін алаң. 

Мирас АСАН, «Егемен Қазақстан»